Павлодар облысында жол апатынан жүргізуші мен жолаушы қаза тапты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, қайғылы оқиға 6 ақпанда Павлодар-Қызылорда автожолының 244 шақырымында болған.
«Қарағанды облысының шекарасындағы Марғұлан ауылының маңында Mercedes көлігінің 43 жастағы жүргізушісі алдындағы көлікті басып озбақ болғанда қарсы жолаққа шығып, Lexus көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Апат салдарынан Павлодар тұрғындары – Mercedes автокөлігінің жүргізушісі мен 75 жастағы жолаушысы алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды», — делінген хабарламада.
Mercedes-тің өзге екі жолаушысы – 48 жастағы әйел мен оның 7 жасар қызы және Lexus-ты тізгіндеген 36 жастағы қарағандылық тұрғын түрлі жарақатпен Екібастұз ауруханасына жеткізілді.
Аталған дерекке қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды. Автокөліктер айыппұл тұрағына қойылды.