Вторник, 26 ноября, 2024

Петропавлда 12 адам үсік шалып, ауруханаға түскен

Петропавл қалалық көпсалалы жедел медициналық жәрдем ауруханасына жыл басынан жарақат алған, үсік шалған 400-ден астам адам қаралып, медициналық көмек алды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Петропавл қалалық көпсалалы жедел медициналық жәрдем ауруханасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жарақат бөлімшесіне қаралғандардың 150-і түрлі сынық алған, тағы 12 адам үсік шалып, мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.

«Үсік алғандар негізінен мас күйде түседі. Оларды аман алып қалу үшін ампутация жасауға тура келіп жатады. Бұрын негізінен қаңғыбастар түсетін, ал қазір спирттік ішімдік ішкендер немесе жарақат алып, далада жатып қалғандарды қабылдаймыз. Жыл басынан үсік алған 12 адамның төртеуін ауруханаға жатқызуға тура келді. Желтоқсан айында қол-аяғын үсіткен 14 адам хабарласты. Олардың бесеуі жатқызылды. Қазіргі уақытта ампутация жасалған екеуі әлі ем алып жатыр», — дейді аурухана дәрігерлері.

Қазір қыс қаһарына мінген шақ. Сондықтан үсік алған жағдайда бірнеше кеңесті естен шығармаған жөн.

«Зардап шеккен адамды жылыту үшін оны жылы жерге кіргізіп, ыстық шай немесе сүт беру керек. Зақымданған аяқ-қолын жылы жапқышпен орау қажет.

Қолдың саусақтары қатты тоңған жағдайда қолтықтың астына тығу арқылы жылытуға болады. Егер мұрынды үсік шалса, оны жылыту үшін қолдың жылуы жеткілікті. Терінің жылыған аймағының қайтадан тоңуына жол бермеңіз. Тін жиі қатып, жылынатын болса, соғұрлым зақымдануы мүмкін.

Егер бетті немесе мұрынды үсік шалса, жылыту үшін оларды ысқылауға, содан кейін зардап шеккен адамды үй-жайға апаруға болады. Үсік шалған жерлерді қармен ысқылау дұрыс емес. Қар одан сайын үсітеді және ұсақ мұз теріні одан сайын зақымдауы мүмкін», — дейді мамандар.

Ал алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін науқасты ауруханаға тез жеткізген жөн. Өйткені аздап үсік шалу да организмнің қорғану күшін төмендетеді екен.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған