Четверг, 28 ноября, 2024

Петропавлда көпқабатты үйдің қабырғасында Жамбыл Жабаев бейнеленген панно пайда болды

Петропавлда Жамбылдың суреті салынған алып панно пайда болды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Жамбыл Жабаевтың суреті салынған панно жыр алыбының есімін иеленген көшеде алыстан менмұндалайды.

Ол «Жас өркен» ықшамауданында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінің қабырғасына қаланған.

Бұл панно да бұған дейін Петропавлда пайда болған Абайдың портреті сияқты ерекше әдіспен – керамикалық мозаикадан құрастырылып жасалған.

Портреттің авторы — Петропавл қаласының тумасы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Болат Әсербеков.

«Әр плитканың өз нөмірі бар. Ол төменнен көрінбейді. Оны тіпті аударып қоюға да болмайды, өйткені, күнге басқаша шағылысатын болады. Плиткаларды бір ай бойы қабырғаға асылып, пазл сияқты жинадық. Бұл материалдың бірегейлігі – тозбайды. Ол жаңбыр мен суыққа төзімді. Археологиялық жұмыс жүргізгенде ыдыс-аяқтың керамикалық бөлшектері табылып жатады ғой, бұл да сол сияқты, 830 градус ыстықта қатайтылған. Плиткаларды 7-8 ай бойы әзірледік. Өйткені, оның нюансы көп. Кейін күйдіру керек, мендегі пеш тәулігіне 5 шаршы метрді ғана дайындай алады», — дейді Болат Әсербеков.

Панно 200 шаршы метрдей аумаққа орналастырылған.

Керамикалық мозаиканы жергілікті мамандар алматылық бригадирдің жетекшілігімен құрастырып шықты.

«Жалпы осындай панно құрастыру идеясы Мағжанмен байланысты туды. Мен осы өңірде туғандықтан бұл ақынға деген құрметім зор. Менің пікірімше, ең алдымен шаһарда Мағжанның бейнесі пайда болуы тиіс еді. Сондықтан менде жоспар бар, дайын жоба бар. Әкімдік қолдаса жасап шығуға әзірмін», — дейді суретші.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған