Петропавлда жедел жәрдем қызметкерлері жаңа туған нәрестені құтқарды. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмек нәтижесінде шарана өлім аузынан қалды, деп хабарлайдыARDA-AKPARAT.
Солтүстік Қазақстан облысы жедел медициналық көмек көрсету орталығының директоры Юрий Белоногтың айтуынша, оқиға сәуір айының соңында болған. Орталыққа Петропавлдағы 19 ықшам ауданда Нива көлігінде әйелдің босанғандығы туралы хабар түседі.
Оқиға орнына жедел жәрдем көлігімен фельдшер Александр Рема мен оның жүргізушісі Амангелді Тұрғымбаев жетеді. Маман келген кезде нәресте кіндігі мойнына оралып туған екен, салдарынан ес-түссіз жатқан, дем алғаны білінбеген. Апгар шкаласы 3-ті көрсеткен.
Фельдшер көгеріп кеткен баланы құтқаруға кіріседі.
«Нәресте мерзімі келіп, уақытында туған. Салмағы 2700 грамм. Әйелдің де бұл үшінші баласы. Перинаталдық орталыққа жетіп үлгермеген.
Фельдшер бірден көлік ішінде реанимацияға кірісіп, кейін құтқару шарасын PALS стандарты бойынша жедел жәрдем көлігінде жалғастырды. Нәтижесінде 5-6 минуттан кейін нәресте өздігінен дем алып, Апгар шкаласы 5 боллға дейін көтерілді», — дейді Юрий Белоног.
Жедел жәрдем көлігі нәрестені аман-есен перинаталдық орталыққа жеткізіп, мамандарға табыстады.
Облыстық перинаталдық орталықта бала бірден жансақтау бөліміне ауыстырылып, реаниматологтар мен неонатологтар тиісті іске кірісті.
Перинаталдық орталық директоры Елена Калюжнаяның айтуынша, бүгін анасы мен бала үйлеріне жіберілді. Екеуінің де жағдайы жақсы.