Полиция СҚО-да WhatsApp желісінде тарап жатқан домофонды ауыстыру туралы хабарламаға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Солтүстік Қазақстан облысында QR-код көрсетілген домофонды ауыстыру туралы хабарландырудың фотосуреті тарап жатыр.
— Әлеуметтік желілерде желі қолданушылары домофонды ауыстыру туралы басқарушы компаниялардың бірінің хабарландыруын таратуда. Таратылып жатқан хабарландыру — жалған ақпарат. Осы сияқты хабарландыруларда көрсетілетін QR-кодтарды сканерлемеңіздер және күмәнді сілтемелер арқылы өтпеңіздер. Адамдардан тек ресми ақпаратқа сенуді не болмаса домофонды жөндеумен айналысатын қызмет көрсетуші компанияларына хабарласуын сұраймыз, — дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Айта кету қажет, осыған ұқсас хабарландыру соңғы уақытта көрші елдердегі желі қолданушыларының арасында, атап айтқанда, ресейлік пабликтерде және ВКонтакте желісіндегі қауымдастықтарда да белсенді тарауда.