Четверг, 28 ноября, 2024

Президент «Кәсіптік біліктілік туралы» Заңға қол қойды

Мемлекет басшысы «Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT Ақордаға сілтеме жасап.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктілік, мемлекеттік наградалар, әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Заңдар мәтіні баспасөзде жарияланады.

Айта кетсек, 14 маусым күні Мәжілістің жалпы отырысында «Кәсіптік біліктілік туралы» Заң мен іліспе құжат екінші оқылымда қаралып, қабылданған болатын.
«Кәсіптік біліктілік туралы» Заң жобасының негізгі мақсаты – азаматтардың кәсіптік дәрежесін тану тәртібімен байланысты қоғамдық қатынастарды кешенді реттеудің тиімді құқықтық негізін қалыптастыру. Заң жобасында кәсіптік деңгейін тану арқылы еңбек нарығын реттеу тетіктерін жүйеге келтіруге бағытталған Ұлттық біліктілік жүйесі алғаш рет енгізілмек. Кәсіптік біліктілікті жүзеге асыратын салалық мемлекеттік органдар, салалық кеңестер және уәкілетті орган Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің келісімімен кәсіптік стандарттарды бекітеді. Азаматтардың кәсіптік деңгейін тану үшін олардың құзыреттерін растайтын сертификаттар беруді Біліктілікті тану орталықтары жүзеге асырады», — деген еді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған