Четверг, 28 ноября, 2024

Президент отандық ғалымдармен кездесті

Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысы өтті. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

«Бүгінгі отырыс болашақ өзгерістер үшін өте байыпты бастау болды. Мемлекет басшысы ғалымдарымыз айтқан бастамалардың басым бөлігіне қолдау білдірді. Бізде Ғылым академиясының рөліне, ғылыми ізденістердің шынайы экономикаға қажеттілігіне қатысты жүйелі сипаттағы мәселелерді көтерген негізгі 4 баяндамашы болды. Сонымен қатар ядролық энергетиканы, жаңа технологияларды дамыту, торий реакторларын жасау мәселелері талқыға түсті.

Сұрақтардың үшінші блогы биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысында гендік технологияларды дамытуға қатысты көтерілді. Соңғы сұрақтар негізінен мұраларды, тарихи-археологиялық жәдігерлерді сақтау, елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамытуға ғылыми қамтымды өндірістің тікелей әсерін талқылауға бағытталды», — деді комитет төрағасы «Ғылымды дамытудағы жаңа трендтер» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» барысында.

Оның атап өтуінше, атылған барлық бағыт елдің стратегиялық құжаттарында көрініс табады. Сонымен қатар ол Президенттің тапсырмасымен Қазақстанның ғылым жүйесін дамытудағы Ғылым академиясының жаңа рөлін қалыптастыру, ғалымдарды әлеуметтік қолдау, оның ішінде ғылыми дәрежелер мен атақтарға үстемақылар төлеу, зертханалар мен ғылыми орталықтардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін қаржыландырудың жаңа формасы бойынша іс-шаралалар қабылданады.

«Президентіміздің басшылығымен және қолдауымен соңғы жылдары ғылымға бөлінетін бюджет артты. Осы жылдың өзінде 158 млрд-қа жетті, біртіндеп 240 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Әрине, жүзеге асырылған іс-шаралар жүйелі сипатқа ие», — деді Дархан Ахмед-Заки.

Комитет басшысының айтуынша, университеттік ғылымды дамыту мәселесі көтерілді. Бұл бағытта Мемлекет басшысының тапсырысымен ЖОО-лар жанында инжиниригілік орталықтар мен технопарктер құру бастамасы жүзеге асырылатын болады.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған