Бүгін мәслихат депутаттарының форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысына тоқталып өтті.
Бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумда халқымыз Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешеді. Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы уақиға. Алдағы референдум – Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі. АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берген жағдайда, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады, — деді Тоқаев.
Президенттің сөзінше, Атом электр станциясын салу – ұзақмерзімді жоба. Алайда бұл бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, энергетикалық дербестігімізді нығайтады, экономиканың, ғылым мен білімнің түрлі саласын өркендетуге тың серпін береді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін қалыптастыруға ықпал етеді.
Заманның талабы осы. Демек, оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді. Осы ретте АЭС құрылысына қолдау білдіріп жатқан Халықтық штабтың жұмысын ерекше атап өткім келеді. Штаб саяси партиялар мен түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ ғалымдарды, сарапшыларды, өндіріс мамандары мен кәсіпкерлерді біріктірді. Азаматтардың ұйысып, ортақ іске жұмыла кірісе алатынын көрсетеді. Дамуға ұмтылыс – ұлтымыздың ең жақсы қасиеттерінің бірі. Сондықтан біз ешқандай қиындыққа қарамастан, алға қарай батыл қадам басуымыз керек. Тағы да қайталаймын. Алдағы референдум тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды уақиға болады және еліміздің одан әрі дамуына тікелей әсер етеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.