Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен кездесуде әкімшілік әділетті айтарлықтай күшейтіп, оның қолданыс аясын кеңейту қажеттігін сөз етті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT Ақордаға сілтеме жасап.
«Бүгінде қылмыстық және азаматтық істердің небәрі 5 пайызы ғана кассацияға жолданады. Бұл өте аз және азаматтардың сұранысына сәйкес келмейді. Сондықтан заңгерлер және кәсіпкерлер қоғамдастығымен өз алдына бөлек кассациялық инстанция құру мәселесі жөнінде кеңес өткізу қажеттігі пісіп жетілді деп ойлаймын. Судьялар корпусы бұл қадам азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауға мүмкіндік береді деп санайды. Президент әкімшілігі бұл мәселені қолға алады. Кассациялық сотты құру жөнінде ортақ пікірге келсек, сот жүйесінің бюджетін ұлғайтуға жол бермейміз. Бизнестің заңды мүддесін сақтау және қорғау – бұл біздің басты міндетіміз. Сондықтан әкімшілік әділетті айтарлықтай күшейтіп, оның қолданыс аясын кеңейту қажет. Бұл іс жүзінде өзінің қажеттілігін және тиімділігін көрсетті», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев жиында.
Оның айтуынша, бүгінде сот шешімдерінің 60 пайыздан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіледі (бұрын 15% пайыздан кем болған).
Бұл оң үрдіс, әйтсе де асырасілтеушілікке және құбылушылыққа жол беруге болмайды.
Себебі мемлекеттік аппараттың бизнесті сотқа жүгінуге мәжбүр ететін кемшіліктерді түзету жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді.
«Үкіметке Жоғарғы Сотпен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік органдар қызметіндегі теріс әрекеттерге мұқият талдау жасауға және оларды жою үшін пәрменді шаралар қабылдауға тиіс. Қайталап айтамын. Мемлекеттік аппараттың міндеті – еліміздегі заңды кәсіпкерлік қызметке жан-жақты көмек көрсету. Заңды бұзып, бизнеске қандай да бір кедергі жасау – мемлекеттік сипаттағы қылмыс. Мен, Президент ретінде, Қазақстанды бизнеске, соның ішінде ірі, орта және шағын кәсіпкерлікке өте қолайлы жағдай жасалған елге айналдыруды өз міндетім деп санаймын», — деді Мемлекет басшысы.