Вторник, 26 ноября, 2024

Президенттің АҚШ-қа сапары несімен есте қалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-тағы сапары аяқталды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында өткен сапар несімен есте қалды, деп жазады ARDA-AKPARAT.

Мемлекет басшысының бұл жолғы сапарын үш бағытта қарастыруға болады. Біріншісі – әрине, АҚШ-тың алпауыт технологиялық компанияларының басшыларымен кездесулер.

18 қыркүйекте Қ. Тоқаев бірінші Wabtec компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Рафаэль Сантананы қабылдады.

Кездесуде Қазақстанның теміржол саласын жаңғырту аясында Wabtec компаниясымен арадағы ынтымақтастық перспективалары талқыланып, Рафаэль Сантана Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанда сутегі технологиясын қолданатын локомотивтер мен олардың қосалқы бөлшектерінің өндірісін іске қосу, инжиринг орталығы мен технологиялық трансфертті ұйымдастыру үшін пысықталып жатқан инвестициялық жобалар туралы мәлімет берді.

Мемлекет басшысы бұл жобаның Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға ықпал ететінін және басқа да инфрақұрылымдық жобалар үшін негіз болатынын атап өтті. Президенттің АҚШ-қа сапары аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы мен Wabtec арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ, Президент Citigroup компаниясының бас атқарушы директоры Джейн Фрейзермен кездесті. Аталмыш компаниялар тобының біздегі өкілдігі саналатын Citibank Kazakhstan – халықаралық инвесторлар, мемлекеттік сектор және ірі кәсіпорындар үшін жетекші серіктестердің бірі. Мемлекет басшысы Citigroup холдингінің Қазақстанда қолға алатын жобаларын қолдайтынын айтты.

Кездесу аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен Citibank арасында Wabtec локомотивтерін сатып алу үшін қаржыландыруды ұйымдастырудың негізгі шарттары туралы келісімге қол қойылды.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұровтың айтуынша, Wabtec компаниясы Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқанына 20 жыл болған.

«Астананың өзінде компанияның мыңға жуық жұмысшысы бар. Бұл – америкалық локомотив өндіруші. Бүгінгі жаңа келісімшарт – жаңа кезеңнің басталуы, яғни Citibank-тің қаржыландыруы арқылы арқылы Wabtec елімізде 240 жаңа локомотив жасамақ. Бұл елімізде өндірістің орта дәлізін дамытуға септігін тигізеді. Мәміленің құны 900 млн долларға тең. «Қазақстан теміржолы» компаниясының 15 пайызға жуық лкомотивін жаңалауға мүмкіндік береді. Citibank бұл жобаға 900 млн доллар кредит береді. Ол несие америкалық «Эксимбанк» кепілдіктерімен бекітілген. Сондықтан АҚШ Конгресінде де қаралады. Бұл келісім еліміздің шетелдік, соның ішінде америкалық инвестициларға ашық екенін және қызықты екенін көрсетеді», — дейді қаржы маманы.

Нью-Йорктегі сапар әйгілі Mastercard компаниясының атқарушы вице-президенті Никола Вилламен кездесуге ұласты. Президент Mastercard компаниясының ТМД-дағы, Орталық және Шығыс Еуропадағы консалтинг бағытын дамыту үшін Алматы қаласын өңірлік хаб ретінде таңдау шешімін қолдады. Ал Никола Вилла Қазақстанның GovTech-шешімдерін шетелде, әсіресе дамушы және қалыптасушы нарықтарда ілгерілету жоспары туралы баяндады. Оның айтуынша, Қазақстанның цифрландыру, электронды үкіметті және қолма-қол төлемсіз экономиканы дамыту тәжірибесіне Mastercard филиалдары жұмыс істейтін басқа елдер ерекше қызығушылық танытып жатыр.

Сонымен қатар, Қазақстанның Ұлттық банкімен бірлесіп, «Цифрлық теңге», «Жедел төлем жүйесі», Open banking жобаларын жүзеге асыру ісіне сараптамалық және технологиялық тұрғыдан қолдау көрсету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сапар аясында Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Mastercard компаниясы арасында Digital Country Partnership (DCP) негіздемелік келісіміне қол қойылды.

Айта кету керек, Президенттің биылғы Жолдауында да экономиканы цифрландыра түсу, финтех саласын дамыту мәселесі жаңа экономикалық бағдардың басым бағыттағы саласы ретінде аталған.

Amazon корпорациясының вице-президенті Сьюзан Пойнтермен кездесуінде Қ. Тоқаев осы мәселелерді талқылады. Президент Қазақстанның электронды үкімет саласындағы жетістіктеріне назар аударып, цифрлық саланы одан әрі жетілдіру үшін елімізге өз санатындағы ең мықты инфрақұрылымдық шешімдер қажет екенін атап өтті.

Ал Сьюзан Пойнтер компанияның Қазақстанмен арадағы ықпалдастықты нығайтуға және келешекте бүкіл Орталық Азия аймағын қамтуға ниетті екенін жеткізді.

Кездесу аясында Қазақстанның Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі («ҰАТ» АҚ) мен Amazon Web Services арасында Outpost «бұлтты» технология шешімін сатып алу және оны QazTech платформасымен интеграциялау жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу туралы келісімге қол қойылды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бұл келісімдер жаһандық алпауыт елдердің дата-орталықтарын Қазақстанда орналастыруға және еліміздің өңірлік IT хаб ретіндегі әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді.

«Бұл кездесуде ұлттық технологиялардың IT саласын және цифрландыруды дамытуға қалай әсер ететіні талқыланды. Нақты айтсақ, бізде Amazon-ның «Outpost» деген шешімі қазақстандық eGov.kz-тің бірталай сервистерін бұлтты технологияға көшіруі талқыланып, келісімшартқа қол жеткізілді. Бүгіннен бастап Amazon технологиялары біздің eGov-тың бірнеше қызметінде пайдаланылатын болады», — дейді ведомство басшысы.

Қазақстанда медициналық диагностиканың әлеуетін арттыру үшін америкалық алпауыт компаниямен бірге Ұлттық архив құрылуы мүмкін. GE Healthcare компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша президенті Роб Уолтонмен кездесуде осы жобаға жол ашылды.

Роб Уолтон Мемлекет басшысына GE Healthcare компаниясының Қазақстанда клиникалық бейнелердің орталықтандырылған ұлттық цифрлық мұрағатын құруға ниетті екенін жеткізді.

Бұл кездесудің қорытындысы бойынша да инвестициялық жоба туралы негіздемелік келісімге қол қойылды. GE Healthсare компаниясының әлемнің 140-тан астам елінде өкілдігі бар. 2022 жылы компанияның таза табысы 19 миллиард доллар болды. Ал нарықтағы құны 34,5 миллиард доллар деп есептеледі. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бұл келісімнің салағы жаңа серпін әкелетінін айтады.

«Бүгін алпауыт компаниямен үлкен келісімге қол қойылды. Бұл кәсіпорын – дүниежүзінде медициналық аппарат пен құрал-жабдық шығаратын ең үздік жетекші компаниялардың бірі. 100 жылдай тәжірибесі бар. Бүкіл дүниежүзінің медициналық ұйымдарын аппараттармен, құрал-жабдықпен қамтамасыз етеді. Біздің елімізде де медицина мамандары осы аппараттармен жұмыс істейді. Кейінгі 10 жылдың ішінде 3 мыңға жуық бұйым алдық. 80-ге жуық өндірушінің әр түрлі аппарат, құрал-жабдығы тіркелген. Бұл үлкен келісім бойынша ультрадыбыстық аппараттар өндіріліп қана қоймай, жөндейтін сервистік қызмет орталығы жұмыс істейді. Сонымен бірге, академиялық қызмет орталығы ашылып, медицина инженерлерін дайындау көзделіп отыр. Бұл еліміздің кадр әлеуетін көтереді», — дейді ол.

Мемлекет басшысы сапар кезінде Rio Tinto компаниясының бас атқарушы директоры Якоб Штаусхольмді қабылдады. Бұл компания Қостанай және Қарағанды облыстарындағы мыс кен орындарына геологиялық барлау жүргізбек. Rio Tinto-нің нарықтағы құны 99 миллиард доллар деп бағаланған. Кәсіпорын рудасын, алюминий, мыс, боксит, алмаз, уран және өнеркәсіпке қажетті басқа да минералдар өндірумен айналысады.

Орталық Азия+
Сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі саммитіне қатысып, Мажарстан Президенті Каталин Новакпен бірге БҰҰ-ның «Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу жолындағы прогресті жеделдетудің негізгі өтпелі процестеріне қатысты ауқымды іс-қимылдарды жандандыру» атты Көшбасшылар диалогінің бірінші сессиясында төрағалық етті.

Кейінгі жылдары «Орталық Азия+» форматындағы диалог өтімді бола бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кеңесінде осындай пайым айтқан еді. Бұған дейін аталған форматтағы кездесулер АҚШ тарапының Сыртқы істер министрлері деңгейінде өтіп келсе, АҚШ жеріндегі басқосу президенттер деңгейінде өтті.

Жиында С5+1 серіктестігі арқылы экономика, энергетика және қауіпсіздік салаларында Орталық Азияның егемендігін, орнықты дамуын және өркендеуін одан әрі нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеу мәселесі талқыланды.

Саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Джозеф Байденнен кейін сөйледі. Сонымен қатар, шараға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.

Саммитте экономикалық ынтымақтастық мәселесіне, сондай-ақ америкалық компаниялардың маңызды қазба байлықтарды игеру, жаңартылатын энергия көздері, өңдеу өнеркәсібі және басқа да бағыттарды дамыту мүмкіндіктеріне баса мән берілді.

Пікірталас барысында қауіпсіздік проблемаларын, соның ішінде киберқауіпсіздік, терроризм, экстремизм, заңсыз миграция және есірткі тасымалы секілді қауіп-қатерлерді шешу үшін ынтымақтастықты нығайту перспективалары қарастырылды.

БҰҰ мінберінде
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясындағы Жалпы дебаттағы сөзін жиынға жиналған көшбасшылар әлем қауіпсіздігіне жауапты екенін айтудан бастады. Сонымен қатар, ол Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жасамай, бұл қиындықтар еңсерілмейтінін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы COVID-19 пандемиясының ауыр салдары болашақ биологиялық қауіп-қатерлер алдында әлем халқының дәрменсіз екенін көрсетіп бергеніне тоқталды.

Президенттің пайымынша, дүниежүзілік сауда ұйымының қағидаттары мен ережелеріне негізделген ашық, анық әрі инклюзивті көпжақты сауда жүйесі қажет.

«Қазақстан тарапы Әділетті энергетикалық жүйеге көшу бағдарламасын (Just Energy Transition Partnership) іске қосуды ұсынды. Мемлекет басшысы көмірді пайдаланудан кезең-кезеңімен, орнықты және әлеуметтік жауапкершілікті ескере отырып бас тарту климаттың өзгеруіне қарсы күреске арналған жаһандық мақсаттарға жетуді едәуір ілгерілететінін жеткізді.

Сондай-ақ, Қазақстан Орталық Азия елдерімен көпжақты ынтымақтасты одан әрі нығайтуға ниетті екенін айтты. Сондай-ақ, ол Алматыда Орталық Азия және Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын ашу туралы бастаманы қолдауға шақырды.

Қазақстан басшысы БҰҰ аясындағы диалогтердің мүмкіндігін пайдаланып, Мажарстан, Словения, Иран, Финляндия, Эстония, Румыния, Черногория, Португалия, Моңғолия, Кения, Оңтүстік Корея елдерінің басшыларымен кездесті.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған