Қайрат Боранбаевтың ісін апелляциялық сатыда қайта қарау туралы келісім шарттары талқыланып жатыр, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Қазір іс жүргізу келісімінің шарттары талқылау сатысында.
«Қ. Боранбаев, Т. Жанұзақ және Р. Наханов Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық сотының 2023 жылғы 31 наурыздағы үкімімен сотталған. Сот үкіміне сотталғандар мен олардың қорғаушыларынан апелляциялық шағым түсті. Апелляциялық саты шағымдардың дәлелін, сондай-ақ прокурор үкімнің күшін жою туралы өтінішхатты қарап, сот үкімінің күшін жойып, шағымды қарауға кірісті», — делінген қалалық соттан берілген жауапта.
Ресми жауапта айтылғандай, прокурор мен жәбірленушінің өкілі мәлімделген өтінішхатқа келісім берген.
«Істі қайта қарау басталғанға дейін Қ. Боранбаев және оның адвокаты, сондай-ақ басқа да сотталушылар мен олардың қорғаушылары іс жүргізу келісімін жасасу туралы өтінішхат жазды. Апелляциялық сатыдағы сот өтінішті қанағаттандырды, процеске қатысушыларға іс жүргізу келісімін жасасу үшін уақыт берілді», — деп мәлімдеді елорда соты.