Четверг, 28 ноября, 2024

Қаңтар оқиғасына қатысты істе ақталып шыққан Ақтөбе тұрғыны мемлекеттен 6 миллион теңге өндіріп алды

Ақтөбе қаласының тұрғыны Қаңтар оқиғасына қатысты істе ақталып шығып, мемлекеттен 6 миллион теңге өндіріп алды. Ер адам бір жылдан астам уақыт қамауда болған, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбедегі жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін 2022 жылы 18 адам сотталған. Олардың арасында облыстық әкімдік алдында көлікпен 2 адамды қағып кеткені үшін Нұрсұлтан Исаев 15 жылға сотталды. Тағы 8 адам шартты мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Қылмыстық іске қатысты Ернұр Ажниязов пен Асланбек Омаровты сот толығымен ақтап алған. Бастапқыда Ернұр Ажниязовқа «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айып тағылған. Алайда тергеу барысында бұл дерек расталмады.

Өзін ақтау туралы үкім шыққан соң Ажниязов мемлекетке шағым түсіріп, заңсыз қылмыстық қудалауға ұшырағандықтан, моральдық өтемақы ретінде 30 миллион теңге талап еткен. Бұл істі Ақтөбе қалалық соты қарады. Арызданушы қамауға алынған соң жақындары қарт ата-анасын зейнетақымен асырауға тура келген. Сондай-ақ уайым салдарынан тергеу изоляторында Ажниязовтің денсаулығы нашарлапты. Сондықтан сот азаматты 1 жыл 24 күн қамауда заңсыз ұстады деген шешімге келді.

Сот қорытындысына сәйкес судья Әмірбеков арызданушының талабын жартылай қанағаттандырып, Қаржы министрлігін Ернұр Ажниязовқа моральдық өтемақы ретінде 5 миллион теңге және адвокат жалдауға жұмсаған қаржының өтемі ретінде 1 миллион теңге төлеуге міндеттеді.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған