Қаңтар оқиғасында зардап шеккен отбасыларға 1,1 млрд теңге материалдық көмек берілді. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасынан мәлім етті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Бүгінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен отбасыларға 1,1 млрд теңге сомасында материалдық көмек төледі», — делінген Бас прокуратураның ҚазАқпарат сауалына берген жауабында.
Ұсынылған мәліметке сәйкес, қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам, оның ішінде 219 бейбіт тұрғын, құқық қорғау органдарының 19 қызметкері мерт болды. 16 медицина қызметкері, өрт сөндіру қызметінің 34, құтқару қызметінің 8 маманы дене жарақатын алды.
«Азаматтар өлімінің және дене жарақатын алуының әрбір фактісі қылмыстық істің тергеу нысаны саналады. Жалпы, сотқа 673 қылмыстық іс жіберілді. Олар бойынша 1 222 тұлға сотталды, оның ішінде 160 тұлға бас бостандығынан айырылды», — деп атап өтеді Бас прокуратурадан.