Алматы облысының құтқарушылары Қапшағай су қоймасының жағалауында құмға көлігімен батып қалған отбасы мүшелерін құтқарды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 7 маусым күні түнгі сағат 22:50-де ТЖД-ның кезекші бөліміне Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында, «Алтын құм» демалыс базасында ішінде адамдары бар көліктің құмға батып қалғаны туралы хабарлама түседі.
Оқиға орнына жеткен Қонаев қаласының жедел-құтқару жасағының құтқарушылары «Chevrolet Nexia» маркалы автокөліктің құмға батып қалғанын анықтады. Ішінде жағалауға демалуға келген ерлі-зайыпты мен бір жасар сәбиі болған. Сағат 23:50-де құтқарушылардың күшімен автокөлік негізгі жолға шығарылды. Адамдар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ, үйлеріне аман-есен кайтты«, — делінген Алматы облысы ТЖД хабарламасында.