Қара бетперде киген жұмбақ жігіт бес баласы бар мүгедек әкені тағы қуантты, — деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Бұл туралы жақсылық жасап жүрген жігіттің өзі айтты.
«Бүгін біз Алланың қалауымен, өздеріңіздей жанашыр жандардың қолдауымен сол отбасыға жаңа көлік пен баспана сыйлаймыз», — дейді аноним жігіт.
Бес баланың әкесі Арман Шымкент қаласында тұрады. Кіші баласы туа бітті жүректің ауыр дертіне шалдыққан. Ал өзі осыдан бірнеше жыл бұрын көлік апатына ұшырап, аяқ-қолы сынған. Қазір екінші топтағы мүгедек. Тағдырдың қиындығына мойымаған Арман мүмкіндігі келгенше бала-шағасын асырап жүр. Жеңіл көлікті 6 мың теңгеге жалға алып, такси болып қызмет етеді. Өзі қаладағы бір бөлмелі пәтерді 50 мың теңгеге жалдап тұрады. Әйелі үйінде балаға қарайды.
«Сіздер келгеннен кейін Астанаға барып келдік. Баламның отасы шамамен тамыз айының ортасында жасалады. Сіздер барынша көмек беріп жатырсыздар, Алла разы болсын сіздерге. Осы балам жазылып кетсе болды, басқа ештеңе керек емес», — дейді Арман.
Осылайша, бетперде киген жігіт бес баланың әкесі Арман мен әйеліне жаңа көлік пен пәтердің кілтін табыстады.
https://www.tiktok.com/@chelovekvmaskee/video/7262746527355948294?is_from_webapp=1&sender_device=pc&web_id=7169084156085143046
Еске салайық, Арманның кіші баласы жүрек ақауымен туған.
«Дәрігерлер үш айлық баламның тамағына түтік қойды. Сол арқылы демалады. Қайта-қайта тазартпаса қақырықпен тамағы бітеліп қалады. Аппарат арқылы тазалаймыз. Өзім де көлік апатына ұшырап, аяқ-қолым сынып төсек тартып жатқан кезде жаным қиналған. Қазір баламды ойлаймын. Оның да жаны қатты қиналып жатыр-ау деп. Құдайдан күні-түні баламның сауығып кетуін тілеймін», — дейді Арман көзіне жас алып.
Баланы емдетіп, операция жасату үшін қыруар қаржы керек. Ал күнделікті нәпақасын такси болып тауып жүрген әке көп қаржыны аз уақытта таба алмасы анық. Ал Арманның тілегі аяқастынан орындалды. Қара бетперде киіп, науқас жандарды қуантып жүрген жігіт бұл жолы Арманның арманын орындады.
«Арман туралы ерікті жігіттер айтты. Балаларының бәрі кәмелетке толмаған. Үш айлық баласының жағдайы тіпті ауыр екен. Көп ойланбастан көмек көрсетуді жөн санадым. Баланың емі үшін қаржы апарып бердік», — деген еді қара бетперде киген жігіт.
Қайырымды жігіт Шымкентке барып Арманға баланың емі үшін жинаған қаржыны қолына тапсырған болатын. Қаражат қолға тиген соң Арман кішкентайын алып Астанаға аттанып кетті.