Жезқазған өңірі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ауданаралық басқарманың аға офицері мас күйінде жол-көлік оқиғасына түскені және полициядан жасырынуға тырысқаны үшін жұмыстан шығарылды, — деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Қызметтік тексеріс жүргізілді. Барлық дерек расталды. Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша комиссия құрылды. Ол теріс себептермен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарынан босатылды және атағынан айырылды», — деді Қарағанды облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы Мұрат Түлеубаев.
Еске салайық, былтыр ақпанда әлеуметтік желілерде полицейлердің күдікті қылмыскерді қудалауы мен оның ұсталған сәті түсірілген бейнежазбалар тараған болатын. Бейнежазба сипаттамасында кейіпкер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жезқазғандық (ол кезде қала Қарағанды облысына қарайтын – авт. еск.) қызметкері болуы мүмкін екені айтылған. Кейін бұл ақпарат ресми түрде расталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жезқазған облысы бойынша ауданаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының аға қызметкеріне қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады.