Вторник, 26 ноября, 2024

Қарағанды облысында ер адам 6 жыл бойы құлдықта болған

Қостанай тұрғыны Қарағанды облысындағы шаруа қожалығының қожайынының қолында алты жыл еңбек құлдығында болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Александр Вдовиченко есімді ер адам алты жыл бұрын Қарағанды облысындағы Осакаров ауданының Молодежное ауылының жанындағы қыстаудан қашып кеткені туралы айтып берді.

Оның айтуынша, шаруа қожалығының қожайыны оған бір маусым мал бағу жұмысын ұсынған. Александрдан құжаттарын алып, жалақы төлемеген. Жұмысқа ресми орналаспаған. Тіпті тек тамақ үшін жұмыс істеген.

«Мен учаскелік полиция қызметкері сұрап қалған жағдайда керек болады деп құжаттарымды қайтаруын өтіндім. Бірақ қожайын құжаттар оның қолында қалғаны дұрыс екенін айтты», — деді ер адам.

Александр қашып кете алмаған, себебі шаруа қожалығының иесінің туыстары оны алты жыл бақылап отырыпты. Алты жыл ішінде ер адамды үйлендіріп, жұбайы қыз туған. Жас жұбайларға туыстарын шақыруға рұқсат етілмегендіктен, той болмаған. Жәбірленушінің айтуынша, фермада оны ешкім ұрмаған, кейде бастықпен ауызша қақтығыстар болып тұрған.

Ер адам жаяу қашып үлгерген. Шамамен 60 шақырым жүріп өтіп, жол бойындағы кафеге тоқтаған. Тұрақ иесі оған шелпек пен ыстық шай беріп, бірнеше күн кафеде қалуды ұсынған. Бірақ көрші ауыл тұрғындары оны танып, қожалық иесіне айтып береді деп қорыққан Александр ұсыныстан бас тартқан.

Александрдың әйелі мен қызы фермада қалған.

«Мен кетіп бара жатқанда телефонды әйеліме қалдырдым. Телефон арқылы қандай да бір жолмен мені тауып алады деп қорқамын, сондықтан телефонды өзіммен бірге ұстай алмаймын», — деді ер адам.

Қостанай облысының полиция департаменті база бойынша ер адам із-түзсіз жоғалып кеткен адам ретінде іздестірілмегенін хабарлады.

«Егер өтініш түссе, шаралар қабылданады», — деді полиция баспасөз қызметінің өкілі.

Маусымда БАҚ-та Қарағанды облысында болған ұқсас жағдай жарияланды. Екі ер адам Шет ауданында еңбек құлдығында ұсталып, мал бағу үшін ұрып-соғылған. Полиция Қылмыстық кодекстің 126 бабы «Заңсыз бас бостандығынан айыру» бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр. Бап он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған