Четверг, 28 ноября, 2024

Қарағанды облысының жолдарында 200-ден астам адам құтқарылды

Қарағанды облысында қарлы боран салдарынан барлық трассалар жабылды. Соңғы тәулікте Төтенше жағдайлар департаменті, жол полициясы және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жолдарда тұрып қалған көліктерден адамдарды құтқару бойынша эвакуациялық жұмыстар жүргізуде, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

3 қаңтар күні сағат 12:30-дан бастап Қарағанды облысының 7 ауданында автожолдардың 9 учаскесінде қар құрсауында қалған 80 жеңіл автокөліктен 202 адам құтқарылып, жақын елді мекендерге жеткізілді. Құтқарылғандар қатарында 43 бала болды. Апаттық-құтқару жұмыстарына ТЖД, жергілікті полиция қызметі, жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтері жұмылдырылды. Құтқарылғандар медициналық көмекті қажет етпеді.

Сондай-ақ, құтқарушылар Ақтау кентінен үш жүкті әйелді жоғары өтімді техникамен эвакуациялады. Әйелдер Теміртау қаласына жеткізілді.

«Қарағанды облысының аумағында ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Қазіргі уақытта ауа-райының нашарлауына байланысты (қар, боран, екпінді жел, көрінуді шектеу) республикалық маңызы бар автожолдардың 10 учаскесінде қозғалыс тоқтатылды»,-делінген хабарламада.

Автожолдардың жабық учаскелерінде бекеттер ұйымдастырылды, онда 80 көлікте 167 адам жолдың ашылуын күтіп отыр.

Қарағанды облысы ТЖД қызметкерлері қауіпсіздік талаптарын қатаң үұсануға шақырады:

— елді мекендерден тыс жерлерге шықпау;

— автожолдардың жабылған жол учаскелерінде көлік құралдары кептелісін болдырмау;

— мүмкіндігінше елді мекендерде, кемпингтерде, жол бойындағы дәмханаларда күту.

Ауа-райының өзгеруі және автожолдардың жай-күйі туралы жедел ақпарат «Дәрмен» мобильді қосымшасында, ТЖД-ның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында қолжетімді.

Барлық оқиғалар мен ТЖ фактілері туралы 112 немесе (8-7212) 43-36-36, 43-37-37 телефондарына хабарласуға болады.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған