Пятница, 29 ноября, 2024

Қарағандыда автобус жүргізушісі қоғамдық көлікте есінен танған әйелді аман алып қалды

Қарағандылық автобус жүргізушісі Алмас Мұратбек бір жолаушынының өмірін сақтап қалуға себепші болды. Ол есінен танып қалған әйелді ешбір аялдамаға тоқтамастан жолаушы толы автобуспен ауруханаға апарған, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Оқиға 6 мамыр күні болған. Алмас Мұратбек жедел жәрдем көмегін күтуге уақыт аз болды дейді.

«Мен 53 бағыттағы автобусты жүргіземін. Жұмыс уақытында, шамамен сағат 16:00-де бір ер бала маған жүгіріп келді. Салонда бір әйелдің есінен танып қалғанын айтты. Бағдаршамға келіп тұрған бетім болатын. Автобустың алдыңғы есігінен шығып, жүгіріп артқы есігінен кірдім. Шамамен 40 жастағы әйел есінен танып, құлап жатыр екен. Тамырын ұстап көрсем, жүрек соғысы баяу. Езуін ашып қарасам, тілі артқа кетіп барады. Дереу салондағы жолаушыларға бұйырып, әйелді бір қырымен жатқызуды тапсырдым да, ешбір аялдамаға тоқтамастан Майқұдықтағы қалалық ауруханаға бір-ақ бардым. Аурухананың алдына, қабылдау бөліміне келіп тоқтап, ішке кірдім де дәрігерлерге автобустың ішінде әйел адам құлап жатқанын айттым. Олардан каталка сұрап алып, екі-үш жолаушы жігітті көмекке шақырып, әйелді салып алып дәрігерлерге тапсырдық», — дейді ол.

Алмас адамның жүрек соғысын тамырынан ұстап білуді анасынан үйренгенін айтады.

«Анам марқұм дәрігер болған, сол кісіден үйренгенім. Жүргізуші болып жүргеніме 13 жылдан асты. Мұндай оқыс жағдайлар әсіресе күннің ыстығында болып тұрады», — дейді ол.

Әйелді ауруханаға апарар жолда автобус салонында аялдамаға тоқтауды сұрап, ренжігендер де болған.

«Оларға дауыс көтеріп айтып, түсіндіруге тура келді. «Көріп тұрсыздар ғой, мұнда бір адам өмір мен өлімнің арасында жатыр, қайтар жолда бәріңізді баратын жерлеріңізге апарып тастаймын» дедім. Ауруханадан шыққаннан кейін қайтар жолда әлгі ренжіген жолаушылар өз аялдамасынан түсті. Қалғандары рахметін айтып жатты», — дейді жүргізуші.

Айта кетейік, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, автобус салонында гипертониядан есінен танған науқасқа сол күні дәрігерлер ем-домын жүргізген, кейін амбулаторлық ем алуға үйіне жіберген.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған