Қарағандыда техникалық байқаудан өту құжаттарын қолдан жасаған сақтандыру компаниясының менеджері ұсталды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлеріне қаладағы сақтандыру компанияларының бірінде жалған техникалық байқаудан өту құжаттарын сатыоып жатқаны туралы ақпарат түсті.
Полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында сақтандыру компаниясының 35 жастағы менеджері ұсталды.
Ұсталған әйелден айғақ заттар, соның ішінде автокөліктердің техникалық байқаудан өткені туралы жалған 24 мөр басылған бланк тәркіленді.
Сондай-ақ, күдіктінің тұрғылықты мекен-жайынан РФ сақтандыру компаниясы деген мөр, РФ сақтандыру компаниясының 33 бланкі, әртүрлі көлікке қатысты 30 дана диагностикалық карта, пневматикалық тапанша және екі пышақ тәркіленді.
ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.