Среда, 27 ноября, 2024

Қарағандылық әйел ​​патрульдік көлікте босанды

23 ақпанда Қарағанды ​​қалалық ІІБ патрульдік полиция полкінің жасағы – инспекторлар Медет Төлегенов пен Берік Кеңесов Жаңа-Майқұдық секторында қоғамдық тәртіпті бақылау үшін қызметте болған, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Медет Төлегеновтың айтуынша, ол серіктесімен үйдің кіреберісінде тұрғанда оларға ер адам жақындап, көмек сұраған.

«Ер адам жүкті әйелін арнайы көлікпен фельдшерлік-акушерлік пунктке жеткізуді өтінді. Әйелдің суы кеткен, босанайын деп тұр. Біз дереу әйелді алдыңғы жолаушы орындығына, ал жолдасын артқы жағына мінгіздік. Бір кезде әйел толғағы басталғанын айтып, тоқтауды өтінді», — деді инспектор.

Полицейлер жағдайды бірден түсініп, әйелге медицина көмегін көрсеткен. Біраз уақыттан кейін қызметтік көліктің салонында жүкті әйел аман-есен қызды дүниеге әкелді. Сосын патруль қызметкерлері анасын жаңа туған нәрестемен бірге акушерлік-гинекологиялық орталықтың қабылдау бөліміне жеткізіп, дәрігерлерге тапсырған.

Медицина мекемесінің қызметкерлері полицияға жедел әрекет еткені үшін алғысын білдірді.

2022 жылдың 7 қыркүйегінде Алматы облысында Қарасай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері патрульдік көлікте босанған әйелді сәбиімен Қаскелеңдегі медицина мекемесіне жеткізгені хабарланған еді.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған