Суббота, 7 февраля, 2026

Қарағандылық супер полицей марапатталды

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында қызмет ететін супер полицей марапатталды. Ауылдық тәртіп сақшысы 9 адамды құтқарған, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов бірқатар қызметкерді марапаттады. Олардың қатарында Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Ботақара ауылының супер полицейі Медет Асқаров та бар.

Патрульдік полиция инспекторы Медет Асқаров жұмысынан тыс уақытта бірнеше адамды апаттан құтқарып қалған. Сол үшін де ауыл тұрғындары оны «супер полицей» деп атап кеткен.

«Туған ағам қазіргі уақытта органда жұмыс істейді. Мен үнемі соған қарап бой түзеймін, оған еліктеймін. Біз бірінші кезекте адамдарға көмектесуіміз керек, сондықтан да ол әрекеттерімді ерлік деп санамаймын. Ол біздің борышымыз», — дейді Медет Асқаров.

Сондай-ақ, ішкі істер министрі 5 жасар Нұрасыл Төлегеновті де марапаттады. Балақай полиция қызметкері болуды армандайды. Кішкентай полицей қазірдің өзінде жол ережелерін жатқа біледі.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған