Бұл туралы мәжіліс депутаты Қарақат Абден премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді, — деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Бұрынғы кездермен салыстырғанда, бұл біршама жақсы көрсеткіш. Енді осы үрдісті бәсеңдетпей балаларды отбасыларға орналастырудың жолдарын дамыту керек. Қазір жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыға берудің бірнеше формасы бар: бала асырап алу; қамқоршылық; патронаттық тәрбие; патронаттық жанұя. Оның қатарында кәсіби немесе фостерлік отбасыларды құру бастамасы да бар. Бұл жоба да еліміздегі балалар үйінің санын азайтуға бағытталғаны белгілі. Осы орайда пилоттық форматта іске қосылған бұл жобаның қазіргі жағдайы қандай? Арнайы дайындықтан өткен фостерлік отбасылардың саны артты ма? Еліміздегі жетім балаларды орналастыруға шамамен 500 фостерлік отбасы қажет деп көрсетілген», – деді депутат.
Депутаттың айтуынша, балалар үйі жетімдерді әлеуметтендіру бойынша тиімді жұмыс жасай алмай отыр. Осы ретте депутат өз ұсынысын білдірді.
«Көп жағдайда балалар үйінің жетекшілері асырап алғысы келетіндерге немесе патронаттық отбасыларға оларды беруге ниет білдірмейді. Бас прокуратура мен бала асырап алу жөніндегі агенттік тарапынан жүргізілген тексерістің нәтижесінде тіпті бала асырап алуға қарсы жасанды кедергілерді ойлап тапқан жетекшілер де анықталды. Өйткені әр балаға мемлекеттен көлемді ақша бөлінеді. Мысалы, балалар үйіндегі бір бүлдіршін үшін мемлекеттен айына 1 милллионға жуық қаражат беріледі. Осы қаражатты бала асырап алғысы келетін отбасыларды қолдауға бағыттасақ, бала үшін бұл әлдеқайда пайдалы болары анық», – деді Қарақат Әбден.