Четверг, 28 ноября, 2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерді Ақордада қарсы алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерді Ақордада қарсы алды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Мәртебелі мейманның сапарына орай Салтанатты рәсімдер залында құрмет қарауылы сап түзеп, оның бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Осыдан кейін Президенттік оркестр екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындады. Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Франк-Вальтер Штайнмайер мен Қасым-Жомарт Тоқаев кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң мейман мен Президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Германияның Федералды Президенті құрметті қарауыл бастығымен қоштасып, Қазақстан Президентімен шағын құрамдағы кездесуге өтті.

Бұған дейін Қазақстан Президентінің шақыруымен елімізге Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер мемлекеттік сапармен келгенін жазған едік.

Сапар аясында екі мемлекет басшылары Қазақстан-Германия стратегиялық серіктестігін нығайту мәселелері бойынша келіссөз жүргізіп, оның қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қояды деп жоспарланған.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған