Қазақ-тәжік қарым-қатынасы стратегиялық әріптестік рухында қарқынды дамып келеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен бірлескен мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Менің шақыруым бойынша Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін Тәжікстан Президенті Эмомали Шарипұлы Рахмонға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Тәжікстан – біз үшін бауырлас ел, маңызды әрі сенімді серіктес мемлекет. Біздің халықтарымызды шынайы достық, ортақ тарих, рухани және мәдени құндылықтар біріктіреді.
Осындай мызғымас арқауы бар қазақ-тәжік қарым-қатынасы стратегиялық әріптестік рухында қарқынды дамып келе жатыр», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Қазақстан басшысы Тәжікстан Президентінің мемлекеттік сапары екі елдің арасындағы қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге көтеретінін айтты.
«Бүгін біз Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастықты одақтастық деңгейіне көтеру туралы декларацияға қол қойдық. Бұл – мән-мағынасы зор қадам. Басты мақсат – екі елдің достығын нығайтып, түрлі саладағы өзара тиімді ықпалдастыққа жаңа серпін беру. Біз шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитралық байланыстарды дамытуға баса назар аудардық Осы сапар Қазақстан мен Тәжікстан қарым-қатынасын жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп сенемін», — деді Мемлекет басшысы.