Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болатынын айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек», — деді Президент.
Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет. Осы ретте асырасілтеушілік пен даңғазалыққа жол бермей, парасатты әрі дәйекті түрде әрекет еткен жөн, — деді президент.
Мемлекеттік тілді оқымаған және тиісті деңгейде меңгермеген азаматтар тіл білмегені үшін қысым көрмеуге тиіс. Сонымен қатар біздің қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажет, — деді Мемлекет басшысы.
Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болады. Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ қаншалықты патриот екенін көрсетеді. Жалпы, мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет. Тіл мәселесіне қатысты барлық пікірталас этникалық емес, азаматтық және саяси сипатқа ие екенін түсіну маңызды.