Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында «Қазақстан-2050» стратегиясын» түбегейлі қайта қарау қажет екенін айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Шалғайдағы ауыл тұрғындарына тиісті игіліктің бәрі қолжетімді болады. Ол үшін мемлекеттік қызмет, мемлекеттік статистика және мемлекет көрсететін қызметтер туралы заңдарға өзгертулер енгізу қажет. Мемлекеттік жоспарлау жүйесін жаңғырту мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Соңғы жылдары әлемде теңдессіз геосаяси, экономикалық және технологиялық өзгерістер болды. Осыған орай, біздің кейбір стратегиялық құжатымыз өзектілігін жоғалтты. Сондықтан «Қазақстан-2050» стратегиясын» түбегейлі қайта қарау қажет», — деді ол.
Президент атағандай, бұл құжатты қазіргі жаһандық үдерістерді ескере отырып, ел дамуының ұзақ мерзімге арналған басымдықтарын айқындайтын стратегияға айналдыру керек.
«Жалпы кез келген жұмыс мұқият жоспарлануы керек. Сонда мемлекеттік саясат стратегиялық сипатқа ие болады және тұрақты жүзеге асырылады. Сонымен бірге еліміз кез келген сын-қатерге төтеп бере алады», — деді Президент.