2022 жылдың қаңтар-қараша айларында отандық экспорттаушылар шетелдік сатып алушыларға жалпы сомасы 66,9 млн долларға 4,2 тонна өңделген және өңделмеген алтын жіберді. Бұл 2021 жылғы экспортталған тоннаға сәйкес келеді. Ақшалай мәндегі өсім 88%-ды құрады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Былтыр қазақстандық алтын экспортының құрылымы өзгерді. Ресурстың жазуынша, 2017-2021 жылдары бағалы металдың негізгі сатып алушысы Қырғызстан болса, өткен жылы заттай түрдегі ең көп жеткізілім көлемі бұл елге жөнелтілгенімен (52,5% немесе 2,2 тонна), бірақ ақшалай мәнде экспорттық кірістің 61,6%-ын (41,2 млн доллар) Ресей қамтамасыз еткен. Бұл ретте Қырғызстанға 38,3% немесе 25,7 млн доллар тиесілі болды.
Қазақстандық алтын сатудан түскен кірістің өсіміне әлемдік нарықтағы қолайлы жағдай әсер етті. World Gold Council халықаралық ұйымының мәліметіне сәйкес, 2022 жыл соңғы онжылдықта бұл бағалы металға деген ерекше инвестициялық сұраныс кезеңі болды.
Сұраныстың өсуі өз кезегінде бағаға әсер етті. Былтыр сатылымның ең қолайлы кезеңі наурыз-сәуір айларына келіп, онда бір унция алтын құны 1,9 мың доллардан жоғары болды. Ең төменгі бағалар қыркүйек–қазан айларында тіркелді, сол кезде унция ставкасы 1,65-1,63 мың долларға дейін төмендеді.
Осы жылдың қаңтар айының соңындағы мәліметтерге сәйкес, бұл бағалы металл бағасы 1,92 мың доллар шегінде тіркелген.