Среда, 27 ноября, 2024

Қазақстан букмекерлері Президент тапсырмасын толығымен қолдайды


Қазақстан букмекерлері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ойын саласындағы барлық транзакцияларды бақылау туралы» тапсырмасын қолдады.

Өткенде Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы ойын бизнесіндегі қаржы қозғалысын қатаң қадағалау қажеттігін мәлімдеген болатын. Президент ұстанымын Қазақстандағы букмекерлік бизнестің өзін-өзі реттейтін ұйымы толығымен қолдады. Cебебі бұл саясат желідегі заңсыз ойын құрылымына тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда желінің қазақстандық сегментінде мыңдаған адам заңсыз онлайн казиноларға өз қаражаттарын аударуға мүмкіндіктері бар. Мұндай алаяқ сайттар қазақстандықтарды жиі алдап, көлеңкелі, заңсыз ойын бизнесін жургізе отырып, мемлекетке бір тиын салық төлемей жүр.

Заңды букмекерлік бизнес өкілдерінің пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы желідегі заңсыз ойын құрылымдарының қызметін тиімді бақылауға жол ашады. Соның арқасында Қазақстаннан тыс жерде қылмыстық әрекет ететін контрагенттердің төлемін бұғаттауға болады.

Елімізде кәсіби лицензияланған ойын бизнесі – казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер, тотализаторлар жақсы дамыған. Қазақстанда ресми жұмыс істейтін осы бағыттардың барлық лицензияланған ұйымы уәкілетті мемлекеттік органдардың толық бақылауында. Олардың айналымы, жалпы алғанда барлық операция, оның ішінде клиенттің шотын әрбір толықтыру мен әрбір төлем цифрлық есепке алу жүйесінде тіркеледі және қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) есеп-қисабына кіреді.

Бұл ретте, Қазақстан Республикасы букмекерлік кеңсесінің басшысы Ғалымжан Дуамбеков атап өткендей, қазақстандық букмекерлік кеңселердің айналымы ойын бизнесін арнайы экономикалық аймақтарға-резервацияларға ауыстырған сәттен бастап іс жүзінде толығымен (99%) екінші деңгейдегі банктер мен төлем ұйымдары арқылы қолма-қол ақшасыз төлем нысанына ауыстырылды. Мұндай әрбір онлайн операция уәкілетті органға келіп түсетін электрондық есепке тіркеледі. Өз кезегінде клиенттердің қалауы бойынша арнайы ойын аймақтарының аумағындағы букмекерлік залдардағы кассалар арқылы төлем жасалуы мүмкін. Бұл операциялар МКК электрондық есебінде де көрінеді. Мұның бәрі тайға таңба басқандай айқын.

Бірақ кеңсесі Қазақстаннан мыңдаған шақырым жерде орналасқан заңсыз бір күндік ойын сайттарының шотындағы қаражаттың айналымы туралы айту мүмкін емес. Заңсыз онлайн казиноларға клиенттің қаржысы үш-төрт делдалдық компания арқылы жасырын түрде түседі. Бұған әртүрлі төлем жүйесі ғана емес, сонымен қатар үшінші тараптың фирмалары да қатысады. Мысалы, ойыншылардың Қазақстан Республикасынан шетелдегі астыртын ойын сайтының иелеріне аударым жылдам азық-түлік жеткізу қызметі үшін төлем ретінде жасырын жасалады. Бұл тек бір ғана мысал. Сарапшылардың бағалауынша, жыл сайын осындай көлеңкелі жолмен жүздеген миллиард теңге елден шығарылады.

«Біздің қауымдастық заңсыз алаяқ сайттармен күресуге көмектесу үшін Қаржы мониторингі агенттігімен (ҚМА) меморандумға қол қойды. Заңсыз ақша айналымы бақыланбайды, сондықтан елден оп-оңай кетіп жатыр, сол арқылы қылмыстық ақша жылыстатылады. Біз заңды түрде жұмыс істейтін бизнес ретінде осындай құрылымдармен батыл күрес жүргізуге мүдделіміз. Өйткені олар мемлекетке үлкен зиян келтіреді, қыруар қаржыны шетелге ешқандай салық төлемей шығарады. Бұған қоса, олар Қазақстанда осы салада жұмыс істейтін заңды бизнестің беделіне нұқсан келтіреді. Мысалы, бір күндік алаяқ сайттар клиенттердің ақшасын қағып алған соң ізім-ғайым жоғалады. Біз – Қазақстанның адал букмекерлерінің бірлестігі мемлекеттік органдарға осы келеңсіз жайтпен күресуге ниеттіміз. Біздің ҚМА-мен бірлескен жұмысымыздың арқасында желінің қазақстандық сегментінде небәрі жарты жылда 3 мыңға жуық заңсыз онлайн казино сайты, лицензияланбаған букмекерлер және басқа да астыртын құрылымдар бұғатталды. Біз Президенттің тапсырмасын толық қолдаймыз: ойын саласындағы ақшаның жылыстауын қатаң бақылау қажет. Бұл көлеңкелі құрылымдардан тезірек арылуға септігін тигізеді», — деді Ғалымжан Дуамбеков.

Олжабек Байқуатов

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған