Елордада Қазақстан халқы партиясының кезектен тыс ХХІІІ съезі өтіп жатыр. Іс-шара барысында партия 19 наурыздан өтетін Мәжіліс және мәслихаттар сайлауына орай сайлауалды бағдарламасын бекітті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Бүгін біз, Халық партиясы, саяси партиялардың ішінде сайлау алдындағы съезді бірінші болып өткізіп отырмыз. Бірінші болудың жауапкершілігі – үлкен, жүгі – ауыр. Ал бірінші болу – біздің саяси алаңдағы визиттік карточкамыз болып кетті. Баршаңызға белгілі, былтыр Халық партиясы Мемлекет басшысының Президент және Парламент сайлауы туралы бастамасын бірінші болып қолдады. Сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдауға халық коалициясын құруды бірінші болып Халық партиясы ұсынды», — деді съезде сөз сөйлеген партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев.
Оның атап өтуінше, партия әліптің артын бағу бағытын ұстанбайды әрі табанды күреске дайын.
«Бабаларымыздың «Бірлік болса – тірлік болады» деген аманат өсиеті бар. Әрине, баршамызға бірлік керек! Дегенмен, демократия жағдайында Парламент сайлауында плюрализм, яғни пікір алуандығы қажет. Әр партия өзі үшін күреседі. Күрес дегеніміз – диалектиканың бірінші заңы. Тек саяси күреспен ғана бірлікке қол жеткізе аламыз. Сондықтан мен осы мақалды сәл өзгертіп, «Күрес арқылы – бірлік болады. Бірлік болса – тірлік болады» деп айтар едім. Жалпы алғанда, бірлік пен береке күрес арқылы келеді. Біз – ұланғайыр жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған күрескер, батыр бабалардың ұрпағымыз. Сондықтан да айтарым – біз табанды күрес жолына түсеміз, біз халық мүддесін жақтаймыз», — деді ол.
Осыдан кейін Ермұхамет Ертісбаев съезд делегаттарына партияның сайлауалды бағдарламасын бекітуді ұсынып, ол бірауыздан қолдау тапты.