Бүгін Қазақстан мен Әзербайжан арасында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылады. Бұл туралы елімізге ресми сапармен келген Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кеңейтілген құрамдағы кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Әзербайжан біз үшін тек сенімді әрі маңызды серіктес қана емес, сонымен бірге бауырлас, жақын мемлекет. Санғасырлық достықтың мызғымас байланысына, өзара қолдауға арқа сүйей отырып, бүгінде стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында дамып келе жатқан мемлекетаралық тиімді ынтымақтастықты қалыптастырдық. Елдер арасында белсенді, сенімді саяси диалог орнаған. Үкіметтік деңгейде үйлесімді жұмыс жүргізіліп, көпжақты алаңдар аясында сындарлы өзара іс-қимыл жүзеге асырылуда», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті екі мемлекет арасында қомақты шарттық-құқықтық база қалыптасқанын, яғни 90-нан астам құжатқа қазірдің өзінде қол қойылғанын атап өтті.
«Өткен жылы біз стратегиялық өзара қарым-қатынасты нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы декларацияға, сонымен қатар 2026 жылға дейін ынтымақтастықты дамыту кешенді бағдарламасына қол қойдық. Бүгінде бірқатар маңызды құжат қабылданады»., — деді Мемлекет басшысы.