Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң қабылданды, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
Аталған келісімге 2021 жылы 6 желтоқсанда елордада қол қойылды.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, бұл құжат төтенше жағдайдың алдын алу саласында Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтерінің құзыретті органдары ынтымақтастығының құқықтық негізді белгілеуге бағытталған. Тараптардың біреуінің аумағында төтенше жағдай болған кезде, бірлескен іс-қимылдардың арқасында осы келісім ережесі іске асырылмақ.
Аталған келісім тәжірибе алмасуға, қауіп болған жағдайда тұрғындарды дайындауға, екі мемлекеттің оқу орындарында азаматтық қорғау саласында мамандарды оқытуға, бір елдің аумағында болған төтенше жағдайды жою кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
«Заң жобасының кері әсері жоқ. Заң жобасын қабылдау апаттардың қауіп-қатерін төмендетуге және тараптардың аумағында табиғи, техногенді сипаттағы төтенше жағдайдың салдарын азайтуға мүмкіндік береді», — деді министр.