Четверг, 28 ноября, 2024

Қазақстан мен Вьетнамның әуе компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандум жасалды

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Вьетнамның әуе компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандум жасалды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнам Социалистік Республикасына таяуда жасаған мемлекеттік сапарында еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен VietJet Air әуе компаниясы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған еді.

«Аталған құжатқа Қазақстан тарапынан ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, сондай-ақ Вьетнам мемлекетінің атынан SOVICO Group компаниясының тең құрылтайшысы әрі басқарма төрағасы, VietJet Air компаниясының директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Нгуен Тхань Хунг қол қойды. Бұл Қазақстанның авиациялық билігі мен VietJet Air атқарған жұмыстың жемісті нәтижесі», — делінген министрлік хабарламасында.

Осыған сәйкес тараптар «ашық аспан» режімі шеңберінде ұшу географиясын одан әрі кеңейтіп, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы рейстерді ұлғайтуға, сондай-ақ екі ел арасында жүк тасымалдарын дамытуға күш салады. Бұған қоса жолаушыларға қосымша мүмкіндіктер беру үшін VietJet Air қазақстандық авиакомпаниялармен ынтымақтастықты нығайтып, оның ішінде «интерлайн» және «кодшер» келісімдеріне қол қоюға мүдделі. Жоғарыда аталған уағдаластық арқылы екі ел туризмді дамытып, мәдени, сонымен бірге инвестициялық, іскерлік байланысты арттыруды көздеп отыр.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған