Среда, 27 ноября, 2024

Қазақстан-Оман бірлескен комиссиясы құрылады

Қазақстан-Оман бірлескен комиссиясы құрылады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

«Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің дипломатиялық қатынастар орнағаннан кейінгі 30 жылда алғаш рет Оман Сұлтандығы мен Бахрейн Корольдігіне ресми сапары өтті. Мұхтар Тілеуберді Оман Сұлтандығы Премьер-Министрінің Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Асад бин Тарикпен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволардың басшылары бірлескен комиссия құру туралы үкіметаралық келісімге, сондай-ақ саяси консультациялар туралы меморандумға қол қойды. Тараптар Қазақстан-Оман бірлескен комиссиясы аясында жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, атап айтқанда сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара іс-қимылды жандандыруға уағдаласты», — деді Айбек Смадияров ведомствода өткен брифинг барысында.

Сондай-ақ оның атап өтуінше, Үкімет басшысының орынбасары Оманның Қаржы министрі Сұлтан әл Хабсимен келіссөздер жүргізді. Онда Қазақстанда исламдық қаржыландыруды дамыту тақырыбы талқыланды. Қазақстандық тарап осы саладағы бірлескен жобаларды іске асыру үшін «Астана» Халықаралық қаржы орталығының алаңын қарастыруды ұсынды.

«2023 жылғы 2 ақпанда Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл-Халифаның қабылдауында болды, оған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жылы лебіздері мен тілектерін жеткізді. Мұхтар Тілеуберді сұхбаттасын Қазақстанның саяси және экономикалық жаңғыруының жаңа кезеңімен таныстырды. Өз кезегінде Король Қазақстанның қазіргі даму қарқынын жоғары бағалап, Қазақстан халқының игілігі үшін жүргізіліп жатқан Президент реформаларына қолдау білдірді. Қазақстан-Бахрейн саяси өзара іс-қимылының даму серпінін ескере отырып, тараптар диалогты жоғары деңгейде жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мақсатында көліктік-логистикалық мәселелерді шешу үшін бірлескен күш-жігер жұмсауға келісті. Сондай-ақ, әлемдегі халықаралық жағдай, өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасу болды», — деді ресми өкіл.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған