Четверг, 28 ноября, 2024

Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құрамына кіруге ниетті емес – Ақорда

Мемлекет басшысының жақында Мәскеу қаласында өткен II Еуразиялық экономикалық форумға қатысуына қатысты Ақорда пікір білдірді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Президент жиын барысында бүгінде сарапшылар қауымдастығы кеңінен талқылап жатқан бірқатар мәлімдеме жасады. ЕАЭО аясындағы интеграция тек қана экономикалық сипатта ғана жүруі керек. Бұл – Президенттің негізгі ұстанымы. Оның шеңберінен шығу ұйымның жарғылық құжаттарының мақсаттарына, принциптері мен міндеттеріне қайшы келеді», — деп атап өтті Руслан Желдібай.

Оның айтуынша, Президент атап өткендей, экономикалық интеграция – бұл түпкі мақсат емес, ол экономиканы дамытудың және халықтарымыздың әл-ауқатын арттырудың негізгі құралдарының бірі. Яғни, ұйым аясында қабылданатын кез келген шешім оның әрбір мүшесіне және, ең алдымен, олардың азаматтарына пайдасын тигізуі тиіс.

«Сонымен қатар түрлі деңгейдегі интеграция мәселесі қозғалды. Бүгінде ЕАЭО-ның екі мүшесі – Ресей мен Беларусь өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейіне шықты. Бұл – ерекше прецедент. Мемлекет басшысының пайымынша, шын мәнінде, бір халық және бір мемлекет туралы сөз болып отыр. Осы ретте мүлде басқа мақсаттарды көздеген екі түрлі интеграциялық жоба шеңберіндегі бастамалардың ара-жігін ажырату аса маңызды.

Біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ», — деп жазды Р. Желдібай.

Еске салайық, сәрсенбі, яғни 24 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық форум отырысында Ресей мен Беларусь арасындағы интеграция деңгейінің жоғары, тіпті «ядролық қарудың екі елге бір» екенін айтқан болатын.

Кейін оның сөздеріне қатысты Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков түсініктеме берді. Ол одақтас мемлекеттер саналатын Ресей мен Беларусьтің ЕАЭО-дан әлдеқайда дамыған интеграциялық қарым-қатынаста екенін мәлімдеді.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған