Мүдделі мемлекеттік органдар Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесіп ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дайындаған ең төменгі жалақы мөлшерін айқындау әдістемесінің жобасын және Еңбек кодексіне түзетулерді заңнамалық бекіту үшін қажет әдістемелерді келісті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Әдістемеге сәйкес ЕТЖ мөлшері медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалады. Қазір ҚР президентінің Әкімшілігіне Еңбек кодексіне енгізілген түзетулер келісу үшін жіберілді, мақұлданғаннан кейін заңнамаға тиісті өзгерістерді іске асыру басталады. Еңбекмині Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесіп халықаралық тәжірибеге талдау жүргізді. Ол ЕТЖ белгілеу бойынша неғұрлым кең таралған үш тәсілдің бар екенін көрсетті:
-
бірыңғай ұлттық ЕТЖ (Франция, Германия, Испания);
-
өңірлер, салалар және кәсіпорындар бойынша ЕТЖ сараланған мөлшері; (Финляндия, Жапония, Бельгия);
-
әр түрлі санаттағы қызметкерлерге арналған ЕТЖ (Ұлыбритания, Дания).
Қазақстанда ЕТЖ ең төменгі әлеуметтік стандарттарға жатады және жыл сайын «Республикалық бюджет туралы» заңмен белгіленеді. Ең төменгі жалақы қосымша төлемдер мен жәрдемақыларды, өтемақы мен әлеуметтік төлемдерді, сыйлықақыларды және басқа ынталандырушы төлемдерді қамтымайды.
2008 жылдан 2018 жылға дейінгі кезеңде ЕТЖ мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінде белгіленді және жыл сайын инфляция деңгейіне индекстелді. 2019 жылы ЕТЖ мөлшерін 1,5 есе – 28 284 теңгеден 42 500 теңгеге дейін арттыру жүргізілді. Биыл ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл ретте жоғарыда көрсетілген ЕТЖ-ны арттыру медианалық жалақының шамасын есепке алмай жүргізілді.