Четверг, 28 ноября, 2024

Қазақстанда көліктерді жалған құжаттармен тіркеп келген топ ұсталды

Ішкі істер министрлігі шетелден әкелінген көліктерді заңсыз тіркеп келген ұйымдасқан топтың ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Ведомство мәліметінше Ақмола облысында тіркеуге заңсыз қойылған жүк автокөліктері анықталыпты. Сонымен қатар 2022 жылдың ақпанынан 2023 жылдың сәуір айына дейін қылмыстық топ алғашқы мемлекеттік тіркеу алымын төлегені туралы жалған құжаттарды пайдаланып, 62 жүк көлігін қазақстандық есепке қойған. Негізінде әр жүк көлігін алғашқы мемлекеттік тіркегені үшін ресми төлем шамамен 7-8 миллион теңге екен. Алдын ала деректер бойынша мемлекетке келтірілген шығын шамамен 500 миллион теңгеге жуықтайды.

Алматы қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметкерлері тағы бір қылмыстық топтың жолын кесті. Күдіктілер Қазақстанға Оңтүстік Кореядан жеткізілген жеңіл автокөліктерді заңсыз тіркеген. Тексеріс кезінде жалған құжаттар арқылы тіркелген 250 автокөлік анықталды. Ал мемлекетке келтірілген шығын 340 миллион теңгеден асады.

Күдіктілер кореядан әкелінген көліктерге жалған құжаттар жасап, олардың шығарылған жылын 2018-2020 жылдар деп өзгерткен. Осылайша алғашқы мемлекеттік тіркеу үшін белгіленген қаржыны төлемеген. Ал Астана қаласында қылмыстық топ автокөліктерді қосалқы бөлшектер түрінде жеткізіп, олардың шанағын ауыстыру туралы жалған құжаттар арқылы Қазақстанда есепке қойған.

“Күдіктілер ұсталып, кінәларын мойындады. Сонымен қатар олардан заттай дәлелдемелер мен жалған құжаттар тәркіленді. Тергеу амалдары жалғасуда”, – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған