Қазақстанда мемлекеттік қызметке кіру кезінде қазақ тілін білуге арналған тест тапсыру міндетті болуы мүмкін, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің порталында «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасын орналастырды.
Тұжырымдама жобасын қоғамдық талқылау 25 сәуірге дейін жалғасады.
Құжатта қазір мемлекеттік қызметшілерге қызметке кірген кезде мемлекеттік тілді білу тестін тапсырудың қажеті жоқ екені жазылған.
«Мемлекеттік қызметшілерге, қызмет көрсету органдарына және т.б. қызметке кіру кезінде «Қазтест» жүйесі арқылы заңнамалық тестілеуден өту міндеттері енгізілмеген. Бұл мәселені қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізу арқылы шешу қажет», — делінген құжатта.
Ұлттық тестілеу орталығының сайтында «Қазтест» — TOEFL, IELTS (ағылшын тілін білу деңгейін бағалау жүйесі), TÖMER (түрік тілін білу деңгейін бағалау жүйесі), ТРКИ (орыс тілін білу деңгейін бағалау жүйесі) сияқты тілдік құзыреттілік деңгейін бағалаудың халықаралық жүйелерінің қағидаттары мен талаптарына сәйкес қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың отандық жүйесі екендігі айтылған.
ҚАЗТЕСТ төрт бөліктен тұрады:
I бөлік – Тыңдалым (30 тапсырма).
II бөлік – Лексика-грамматикалық құрылым (70 тапсырма).
III бөлік – Оқылым (50 тапсырма).
IV бөлік – Жазылым (2-4 тапсырма, оның ішінде диктант-эссе жазу)