Туризм және спорт министрлігі Мемлекеттік Туды, Мемлекеттік Елтаңбаны және олардың бейнесін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін Үкімет қаулысының жобасын әзірледі, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Атап айтқанда, мемлекеттік туды қолдану аясы кеңеймек.
Мемлекеттік Туды мемлекеттік заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы оларға қатысты жалғыз акционер (қатысушы) болып табылатын өзге де акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, ұйымдардың ғимараттарында және мекемелерi басшыларының кабинеттерiнде ұдайы, мектепке дейінгі, жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының ғимараттарында ұдайы және жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде ілуге рұқсат етілді.
Жеке тұлғаларға тиесілі ғимараттарда, үй-жайларда (үй-жайлардың бөлігінде, балкондарда) Мемлекеттік Ту көлбеу түрде (45 градустан көп болмауға тиіс) орналастыруға рұқсат етіледі.
Бірақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдар жалаулары, мөрлері және таңбаларының геральдикалық негізі ретінде пайдалануға болмайды.