1 наурыздағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 403 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Шетел жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 565 рұқсат, құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 966 рұқсат. Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші және төртінші санаттарға жатады – тиісінше олар 7 199 және 883 адам. Сондай-ақ, маусымдық жұмыстарға 391 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 399 адам тартылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 640 жұмыс беруші бар. Оларда 409 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96% — ы.
«Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 494 адам (41%); тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 455 адам (11%); кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 995 адам (8% ); өңдеу өнеркәсібі – 889 адам (7%); ауыл, орман және балық шаруашылығы – 641 адам (5%)», — делінген хабарламада.
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 411 адам, Үндістан – 1 685 адам, Түркия – 1 523 адам, Ұлыбритания – 1 073 адам, Өзбекстан – 769 адам.