Елімізде ауа райының бұзылуына (бұрқасын, жолдың дұрыс көрінбеуі, көктайғақ) байланысты 72 жол учаскесі жабылды, оның 40-ы республикалық, 32-сі облыстық маңызы бар, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Жолдардағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық штаб құрылды, мұндай штабтар облыстарда да (Абай, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл және Жетісу облыстары) жұмыс істейді.
Бақылау бекеттерінде 1000-нан астам көлік жиналып қалған.
Тәулік ішінде құтқару бөлімшелері 691 адамды құтқарып, эвакуациялады. Соның ішінде 137 бала бар, 145 техника қар құрсауынан шығарылды.
Тұрғындарды эвакуациялау үшін жолдардың жабық учаскелерінде уақытша жылыту пунктері ұйымдастырылған, сонымен қатар эвакуациялау техникасы дайын тұр.
Уақытша жылыту орындарында 179 адам болса, оның 16-сы балалар.
Тұрғындарды ауа райының қолайсыздығы туралы ескерту мақсатында 232 смс хабарлама, «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы 114 хабарлама жіберілген.
Құтқару жұмыстарына барлығы 4 мыңға жуық адам мен Төтенше жағдайлар министрлігі, жергілікті атқарушы органдар және Ішкі істер министрлігінің 1300-ге жуық техника бірлігі жұмылдырылған.
Республикалық жедел-құтқару жасағының күштері Түрген шатқалынан Алматы қаласына 37 көлікті шығарып салуда.
Жол қызметі жолды тазарту жұмыстарын жалғастыруда.