Жыл басынан бері Қазақстанда 8,3 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғыдан 12,5%-ға аз көрсеткіш, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Ranking зерттеуінше, көбінесе жол-көлік апаты Алматыда тіркеледі. Жыл басынан бері мегаполисте 2 мың жол апаты тіркелген.
Сарапшылар айтуынша, жол-көлік оқиғасының саны бойынша алдыңғы орында Алматы мен Жамбыл облыстары да тұр. Ең аз жол-көлік апаты Ұлытау облысында тіркелген – небәрі 42 жағдай. Атырау облысында – 200, ал Атырау қаласында 208 жол-көлік оқиғасы болған.
«Жалпы жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 1,5 мың адам қаза тапқан: оның ішінде 1 мың ер адам және 433 әйел бар. Сондай-ақ 189 бала қаза болды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда төрттен бір есе көп», — делінген деректе.
Соңғы үш жылда Қазақстанда жол апатынан 6,5 мыңнан астам адам қаза тапқан. Сондай-ақ 55 мыңнан астам азамат түрлі дене жарақатын алып, денсаулығына зақым келген.
Өңірлер бойынша Алматыда – 2,2 мың адам, Алматы облысында – 1,2 мың адам, Жамбыл облысында 1,1 мың адам жол апатынан зардап шеккен.