Еліміздегі «Үздік дарынды оқушы» Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқиды. Аталған білім ошағының 10-сынып оқушысы Аяулым Хамитханова «Білім-өркениеті» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткізілген республикалық форумда осы атаққа лайық деп танылды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Форумға республикамыздың әр қиырынан 50-ге жуық оқушы іріктелді. Олардың барлығы оқуда озат болудан бөлек, қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген жастар.
«Форумға шақырылмас бұрын өзімнің олимпиада, ғылыми жобалар сайыстарындағы жеңістерімнен әзірлеген портфолио ұсындым. Сонымен қатар, мектепішілік, мектептен тыс өмірде айналысқан қоғамдық жұмыстар жайлы да нақты ақпараттар берілді. Нәтижесінде, «Үздік дарынды оқушы» атанумен қатар, ұйымдастырушылардың І дәрежелі дипломы және арнайы төсбелгісімен марапатталдым», — дейді Аяулым.
Тарих пәнінен желілік олимпиаданың жеңімпазы, «QazUp – қазақ тілі сөз қорын анықтаушы тест» атты жобанының авторы Аяулым ерікті ретінде әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына даярлық сабақтарын өткізеді.
«Әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек бере жүріп, олардың балаларының сабақ үлгерімінің нашар екенін әрі арнайы даярлық орталықтарына бара алмайтындығын білдік. Осыны ескере отырып, өз замандастарымызбен бірлесе «Helping corner» атты еріктілер клубын құрдық. ZOOM платформасы арқылы бастауыш сынып оқушыларына қазақ, ағылшын тілдері мен математика пәндерінен тегін сабақ береміз. Қазір бізден Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын қоса санағанда 100-ден астам бала дәріс алады», — дейді оқушы.
«Helping corner» клубында қазіргі таңда 30 жуық ерікті бар. Олар күн сайын іні-қарындастарына мектеп бағдарламасына сай сабақ өткізеді.