Қарағанды облысының «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернаты және Шымкент қаласындағы НЗМ оқушылары US Open FIRST LEGO League халықаралық чемпионатында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, чемпионатқа әлемнің 20 елінен 700-ден астам оқушы қатысқан. Шымкенттік «Clutch» тобы Innovation Project Award номинациясында үздік үштікке еніп, қола жүлдеге ие болды. Олар жел генераторы мен күн панельдерінен алынатын электр энергияны сақтауға мүмкіндік беретін инновациялық жоба ұсынған болатын. Жел электр станциясын дайындаған қарағандылық «JelToqSun» командасы ел тарихында алғаш рет жарыстың Champions Award басты жүлдесінің 3-орнына қол жеткізді.
«Біз чемпионатқа жарты жылдан астам уақыт дайындалдық. Үш күндік жарыс біз үшін өте қызықты болды, өйткені мықты қарсыластар келді. Алғашында қобалжығанмен ішкі қорқынышты жеңіп, өз қабілетімізді көрсете алдық. Біз роботтар ойынында көшбасшылар қатарында болдық. Инновациялық жобаны таныстырып, өзіміздің ұйымшылдығымызды көрсете білдік», – дейді қатысушылардың бірі Акбар Ермеков.
Жарыс арасында қазақстандық оқушылар MIT, Boston University және Harvard секілді беделді оқу орындарының инженерлік факультеттеріне барып, профессорлармен жеке танысты. Олардың пікірін тыңдап, өз тәжірибелеріне қажет кеңес алды.