Қазақстандық алты оқушы 64-ші Халықаралық математикалық олимпиадада (IMO-2023) жүлделі орындар алуға ниетті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Ұлттық құрама командасына Алматы, Павлодар қалалары және Қостанай, Жамбыл облыстарының дарынды балаларға арналған мектептерінің 10-12 сынып оқушылары кірді.
Олардың барлығы 2022-2023 оқу жылының математика пәнінен республикалық олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері:
Мирон Юркевич – Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің 10 сынып оқушысы;
Райымбек Байшуақ – Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің 11 сынып оқушысы;
Владимир Роговский – Павлодар қаласының №8 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы;
Жан Даутов — Қостанай облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 10 сынып оқушысы;
Марғұлан Шарел – Жамбыл облыстық «Білім-инновация» лицей- интернатының 10 сынып оқушысы;
Батырхан Сакенов — Алматы қаласындағы Haileybury Almaty халықаралық мектебінің 12 сынып оқушысы.
Биылғы зияткерлік іс-шара Тиба қаласында (Жапония) 5-13 шілде аралығында өтуде.
2023 жылғы IMO-ға әлемнің 110 елінен өкілдер қатысып, олимпиада өткізілген жылдардағы ең ірісіне айналып отыр.
Қазақстандық оқушылар математикадан халықаралық олимпиадаға жыл сайын қатысады. Бұл біздің оқушыларға өз потенциалдарын әлемдік аренада көрсетуге тамаша мүмкіндік. Біздің олимпиадашылар жылдан жылға жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Мәселен, 2022 жылы ұлттық құрама үш күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Биылғы жетістіктер бұдан да жоғары дәрежеде болады деп сенеміз. Оқушыларымызға сәттілік пен табыс тілейміз!, — дейді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов.
Айта кету керек, халықаралық математикалық олимпиададағы жеңіс жүлдегерлеріне ЖОО-на конкурстан тыс негізде оқуға білім гранттары, сондай-алтын медальға 1500 АЕК, күміс жүлдеге 1000 АЕК және қола медальға 500 АЕК көлемінде бір рет сыйақы тағайындалады.