Среда, 27 ноября, 2024

Қазақстандықтар Азамат Мұсағалиев пен оның командасын елге кіргізбеуді талап етті

Қазақстандықтар әзілкеш Азамат Мұсағалиев және оның «Камызяки» командасын елге кіргізбеуді талап етті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Желіде «Камызяки» командасының Қазақстандағы концерттерін тоқтатуды талап еткен петиция жарияланды. 5 қазанда Алматыда, 7 қазанда Астанада концерттері жоспарланған. 

«Азамат Мұсағалиев әзілкеш Нұрлан Сабуровпен бірге қазақстандықтардың наразылығын тудырып, ТНТ федералды арнасында қазақ тілін мазақ етіп қана қоймай, Денис Дороховпен және «Камызяки» командасымен жақында оккупацияланған Донецкіде өнер көрсетті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумында Ресей Федерациясының президенті Путинмен кездесуде Қазақстан «Луганск және Донецк халық республикаларын»  мойындамайтынын мәлімдеді. Біз, қазақстандықтар, егемен ел Украинаға қарсы агрессияны қолдайтын адамдарды елімізде көргіміз келмейді. Біз — бейбіт елміз, бейбіт халықпыз», — деп жазған петиция авторлары.

Еске салайық, бұған дейін Саур-Могила мемориалдық кешенінде Донбассты азат етудің 80 жылдығына арналған үлкен концерт өткен. Танымал әзілкештер Азамат Мұсағалиев пен Денис Дорохов сол жерде өнер көрсеткен еді.

«Әзілкеш үшін адамның күлкісі — нағыз марапат. Көзімен, жүрегімен күлетін адамдарды кездестірсек, бұл өте шабыттандырады. Сондықтан мен оларға көп рақмет айтамын, бүгін олармен әңгімелесу өте керемет болды», — деді Мұсағалиев.

Желі қолданушылары соғысты қолдайтын Азамат Мұсағалиевтің бұл әрекетін сынап тастады. 

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған