Қазақстанда коллекторларға 400 млрд теңгеден астам проблемалық кредиттер берілді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2022 жылдың соңында банктер, микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) және басқа да кредиторлар сотқа дейінгі өндіріп алуға және реттеуге берген проблемалық берешектің жалпы көлемі 441,3 млрд теңгені құрайтынын хабарлады. Мұндай деректерді реттеуші коллекторлық агенттіктердің есептеріне сілтеме жасай отырып келтірді.
Ақпаратқа сәйкес, көлемнің 99%-ы банктер мен микроқаржы ұйымдарына тиесілі.
«2022 жылдың басынан бастап коллекторлық агенттіктерге берешекті өндіріп алуға берілген жалпы сома 10%-ға өсті», — деп атап өтті реттеуші.
Бұған дейін, агенттік аталған ұйымдардың жұмысына бақылауды күшейту туралы мәлімдеген болатын. Атап айтқанда, ағымдағы жылы қабылданатын бірнеше шаралар бар. Оның ішінде нарық субъектілеріне әкімшілік айыппұлдарды екі есе 600 АЕК-ке дейін (2 млн теңгеден астам) арттыру, сондай-ақ, коллекторлық агенттіктер қызметкерлерінің дербес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігін енгізу.