Шахматтан әлемнің 17-чемпионы Дин Лижэнь Қазақстанға тағы келгісі келетінін айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Ең алдымен, Президент мырзаға қабылдауы үшін зор ризашылығымды білдіремін. Шын мәнінде, біріншілік барысында өте тартысты ойын өтті. Осы ретте қарсыласыма тамаша ойыны, мықты бәсекелес болғаны үшін алғыс айтамын. Сонымен қатар Қазақстанға тағы да оралғым келетінін атап өткенім жөн», — деді бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауынан кейін пікір білдірген қытай гроссмейстрі.
Ал ресейлік гроссмейстер Ян Непомнящий Қазақстанда шахмат жанкүйерлерінің көптігін байқағандығын айтады.
«Астанада өз үйімдегідей сезіндім. Сондықтан қонажайлық үшін үлкен ризашылығымды білдіремін. Матчқа да, қолтаңба беру рәсіміне де балалардың көп келуі қуантады. Мемлекет басшысының да қызығушылық танытқаны тамаша жайт болды. Қазақстанның қонақжай жерінде әлі де талай маңызды әрі қызықты жарыстар өтетініне сенімдімін және шахматты дамытуда зор табыс тілеймін», — деді Ян Непомнящий.