Четверг, 28 ноября, 2024

Қазақстанның жер қойнындағы байлығы мен қазынасы халыққа тең бөлінуі керек – Мәжіліс депутаты

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан «Жаңа Қазақстанды» қандай болу керек деген сұраққа қатысты өз ойын айтты, — деп хабарлайды Arda-ақпарат.

Депутаттың пайымынша, «Жаңа Қазақстанды» құрамыз десек ең алдымен қарапайым халық үшін әділетті ел бола білу керек.

«Жаңа Қазақстан» қандай болу керек? «Жаңа Қазақстанда» әр азамат үшін оқу қолжетімді болу керек, әр азамат өзінің тұрғылықты жерінде медициналық игілікті көру керек, ауылдағы, аудандағы халық дәрігерге көріну үшін сабылып қалаға келмеу керек, жергілікті жердегі инфрақұрылым жасалу керек. Жол мен судың проблемасын шешіп, жайылым, аграрлық салада әділеттік орнату керек. Осы саладағы азаматтар жұмыс істеген кезде, халықтың да аузына нан барады. Сондықтан, «Жаңа Қазақстан» әділетті болу керек», — дейді ол.

Екіншіден, «Жаңа Қазақстан» қандай болу керек деген депутат бұндай елде Қазақстанның игілігі, жер қойнындағы байлығы мен қазынасы халыққа тең бөліну керек деген ойын айтты.

«Халық әл-ауқатты болу керек, зейнетақысы, шәкіртақысы, жалақысы өзіне жететін болу керек. Еңбек демалысында бала-шағасымен барып, шетелде, Қазақстанның ішінде дұрыстап демала алатындай жағдайда болу керек. Қысқаша айтқанда, өзінің өсіріп отырған ұл-қызының алдында жүзі жарық болу керек. Бала-шағасын бағып, қағып, оқытып-тоқытып, жеткізіп, өмір сүру керек. Қазақ дейтін тәубешіл ел, оған көп нәрсе керек емес. Алдында малын бағып, соған лайықты жайылымы болып, балаларының киімі бүтін, тамағы тоқ болса болды», — деген пікірін айтты депутат.

Осы және өзге де әлеуметтік мәселелердің шешілуі дамыған елге жол ашады деген Әшімжан сөзін қорытындылай келе, «менің «Жаңа Қазақстаннан» күтетінім осы» деді.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған