Четверг, 28 ноября, 2024

Қазақы ит тұқымдары – тазы мен төбеттің стандарттарын бекітті

Экология және табиғи ресурстар министрлігі қазақы ит тұқымдары – тазы мен төбеттің стандарттарын бекітті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Заңға сәйкес, қазақы ит тұқымдарының стандарттарын әзірлеу 2023 жылғы шілдеде іске қосылатын Ұлттық орталықтың құзіретіне кіреді. Алайда уақыттың тығыздығына байланысты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 3-3/1119 бұйрығымен бекітілген стандарттар негізге алынды.

«Бойы орта және ортадан жоғары, денесі мығым, арықтау ит, созылу индексі – 103», – делінген Қазақы ит тұқымдарының стандартында.

Осы құжаттағы сипаттамаға сүйенсек, қазақ тазысының қаншығы төбетіне қарағанда аласалау, шағындау болады. Төбеттің шоқтығының биіктігі 60-70 см, ал ұрғашы тазының бойы 55-65 см болады. Түсі қара, ақ, сарғыш, қызыл және сұр түстердің барлық реңкі болуы мүмкін. Тұтастай бір өңді де болады, теңбіл түстілері де кездеседі. Кейбірінің тұмсығында, құлағында, аяқтарының ұшында қара дақтар кездеседі. Күшіктер өсу, жыныстық жетілу барысында түсі мен реңін өзгертуі мүмкін.

Жүні жұмсақ, жібек тәрізді, тік, ұзындығы қыста 4,5 сантиметрге, жазда 2,5 сантиметрге дейін өседі. Қысқа жүнді түбіті жақсы дамыған. Құлағының ұшында 5-6 сантиметрдей жұмсақ, ұзындау түк жиналып ары қарай ұйпаланады, алдыңғы аяғының, жамбастарының артқы жағында ұзындау жүн түбітке айналады. Құйрығының төменгі жағына қарай жұқалау ілгек жүні (10 сантиметрге дейін) болады. Башпайларының арасында қысқа әрі қатты түк өседі. «Жарғақ құлақ», «тықыр тазы» секілді түрлері де кездеседі. Арық, сопақ, бас сүйегі біркелкі жалпақ болып келеді. Үстінен қарағанда сына тәрізді. Желкесі біркелкі, ал төбе сүйегі өте нашар дамыған», — деп сипатталған құжатта.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған